2020 жылдың 12 ақпанында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Кечиөрен муниципалитеті және Еуразия жазушылар одағы ұйымдастыруымен Мырзатай Жолдасбековтың «Жамбыл Жабаев – Ұлы далы ақыны» атты кітабының түрікше аудармасының тұсаукесері өтті.Айта кетелік ұлтымыздың ұлы ақыны туралы кітапты Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Кечиөрен муниципалитеті және Еуразия жазушылар одағы түрікшеге аударған еді.
Жыр дүлдүлі Жамбыл еске алынған алқалы кешке Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кечиөрен муниципалитеті басшысы Тургут Алтынок, Еуразия жазушылар одағы төрағасы Якуб Өмероғлу, Түрксой Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы, ЭкоЕуразия қауымдастығы төрағасы Хикмет Ерен, депутаттар, дипломатиялық миссия өкілдері, қазақстандық жастар мен жергілікті халық қатысты.
Кештің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Кечиөрен муниципалитеті басшысы Т. Алтынок тарихымыздың терең қойнауынан бастау алған бауырластығымыз барлық салаларда дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, тәуелсіздік жылдарынан бастап Елбасы Н.Назарбаевтың түбі бір түркі халықтарының ынтымақтастығына қосқан үлесін атап өтті. Жамбыл Жабаевтың қазақ халқының мәдениеті мен руханиятының айрылмас бөлшегі екендігін баса айтқан Т.Алтынок елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.
Жыр алыбы туралы кітаптың түрікше аудармасының үйлестірушісі болып табылатын Я. Өмероғлу Жамбыл Жабаев шығармашылығын зерттеуге мол үлес қосқан проф. Мырзатай Жолдасбеков шығармаларының тереңдігіне тоқтала отырып, қазақ әдебиеті туралы ой өрбітті. Атаулы еңбек арқылы түрік оқырмандарының қазақ халқын жаңа қырынан танитындығына назар аударған жазушылар одағы төрағасы кітаптың жарыққа шығуына үлес қосқан баршаға алғысын білдірді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық код қалыптастыру бастамаларымен сөзін бастаған Елші А.Сапарбекұлы Тұңғыш Президентіміздің түркі интеграциясы жолындағы қадамдары туралы сөз қозғады. Еліміздің мәдени дипломатия бағытындағы жұмыстарына тоқталған Қазақстан Елшісі, Кечиөрен муниципалитетінің екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлестерін ерекше атап өтті.
Тарихи-мәдени мұрамызды сақтау және дәріптеу маңызын баса айтқан Елші, мемлекеттік қайраткер проф. Мырзатай Жолдасбековтың Түркология саласында еліміздің болмысы үшін аса құнды дүниелердің көзін ашқан тұлға екеніне назар аударды. Ұлы жырау Жамбыл атамыздың туындыларының өзі қазақ мәдениетінің энциклопедиясы іспеттес деген Елші осындай игі бастамаға өзіндік үлес пен қолдау көрсеткен баршаға ризашылығын білдірді.
Кеш барысында Анкара Хаджы Байрам Уәли университетінің оқытушысы доц. Джемиле Кынаджы және аудармашы Уфук Тузман қазақ әдебиеті, түркітілдес халықтар мәдениетінің ұқсастықтары және әдеби шығармаларды аудару жұмыстары туралы талдамалық баяндама жасады.
Сондай-ақ салтанатты шара соңында жүзге жеткенше жүрегінен жыр саулаған ұлтымыздың ұлы жырауы Жамбыл Жабаевтың жырлары «Отау» түркі әлемінің ән мен би қоғамдастығы күйшісінің орындауымен кешті әсем әуенмен тербелетті.